Елорда төрінде маңғыстаулық ақын-сазгерлердің шығармашылығын насихаттауға арналған "Сөз бен саз" телебағдарламасының "Шалқымалы" атты есептік концерті өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жоба авторы, ұлттық өнер жанашыры Бердіхан Әлмен мәліметіне сүйенсек, ән-жыр кеші ақын, сазгер, "Алаш" сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Көмек Ыбыраев, өміршең өнерімен есімі ел есінде жаңғырған Қыдырбай Тұрмағанбетов пен Талғат Атшыбаев, Сағынғали Нұрғожаев сынды сазгерлер шығармашылығына арналды.
Көрермен көңілін серпілткен рухани-танымдық кеште Ақсұлу Құдабаева, Әзірбай Тұрмағанбетов Асанәлі Көшеров, Жоламан Көшкінов, Сұңғат Баймұратұлы,Бибігүл Сауытова, Жомарт Маратов, Нұрзада Көмекқызы, Бүркіт Елбаев сынды маңғыстаулық өнер саңлақтары әуезді ән әуелетіп, керемет әсерге бөледі.
Сондай-ақ салтанатты іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина сөз сөйлеп, көшелі пікір білдірді. Сондай-ақ ел ағалары тың жоба жасақтаушы, игілікті істі иліктіре білген соны идея авторы Бердіхан Әлменге ақжарма тілегін арнап, алғыс хат табыстады.
Ән-жырмен көмкерілген концерт көпшілік көзайымына айналып, көңілді нотада өз мәресіне жетті.